Ислам

Ислам – VII ғасырда Араб түбегінде пайда болған монотеистік дін. «Ислам»сөзі арабтың «салям» яғни, «бейбітшілік», «мойынсұну», «денсаулық» деген сөзінен шыққан.

Ислам дінінің пайда болуы мен таралуы Мұхаммед Пайғамбардың есімімен тығыз байланысты.

Ислам дінінің негізгі ұстанымдары: Құран Кәрім мен Мұхаммед Пайғамбардың өнеге етіп қалдырған іс – амалдары (сүннеті).

Құран – ислам дінінің негізі болып саналатын мұсылмандардың қасиетті кітабы. Құран «Фатиха» сүресінен басталып, «Нас» сүресінен аяқталатын 114 сүреден тұрады. Сүрелер олардың түсірілген жері мен уақытына байланысты мединалық (610-622 жылдар) және меккелік (622-632 жылдар) болып екіге бөлінеді.

Сүннет – ислам дінінің екінші қайнар бұлағы, Мұхаммед Пайғамбардың өмір салты мен айтқан өсиеттері.

Сонымен қатар иджма мен қияста ислам дінінің қайнар көздері болып саналады. Иджма – келісім, талқыланып жатқан мәселе бойынша біріңғай пікір немесе белді адамдардың шешімі.

Фикх – мұсылман құқығы негіздерінің бірі.

Қияс (араб. – салыстыру) – мұсылман құқығындағы кең таралған ұқсастық бойынша (аналогия) үкім шығару әдісі. Қияс Құран мен Сүннетте келтірілген ахуалмен салыстыру бойынша мәселені шешуге мүмкіндік береді.

 

Қазақстандағы Ислам

Қазақстан тарихы көптеген ғасырлар бойы ислам дінімен тығыз байланысты. Ислам діні қазақ халқының өзіндік рухани және мәдени қалыптасуының негізгі қайнарының бірі болды.

Қазақ халқының ата-бабалары, ежелгі түркілер Ислам өркениетінің қалыптасуына тікелей қомақты үлес қосқанын және оның көптеген жеңістеріне қатысы бар екенін атап өткен жөн.

Орталық Азиядағы Қарахан әулеті билігінің негізін қалаушы Абд әл-Кәрім Сатұқ Боғра-хан (901-955 жж.) исламды қабылдап, мемлекеттің ресми діні ретінде жариялаған алғашқы түрік билеушісі.

Осыдан кейін түркілердің исламдануы күшейе түсті. Сол дәуірдің жылнамашысы Ибн әл-Асирдің мәліметінше 1043 жылға таман Кашғар және Баласағұн мұсылман қалалары болды.

Махмуд ибн Уәли «Бахр әл-асрар» атты еңбегінде монғол шапқыншылығына дейін аймақта 40 мұнаралы мешіт, 200 шағын мешіттер, 20 ханак (сопылық тұрақ) және 10 медресе болғанын атап айтты. Бату әулетінен шыққан Тоғрылдың ұлы Өзбек ханның (1312-1340 жж.), билік еткен уақытында Алтын Ордада ислам дінінің нығаюының ерекше кезеңі болды.

Өзбек хан таққа мұсылмандар басқармасының қолдауымен келді және 1320 жылы Алтын Орданың мемлекеттік діні ислам деп жариялады.

Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандар тұсында, ислам діні Қазақ хандығының ресми идеологиясына айналды.

Қазақ халқының пайда болуынан бастап, исламның енуі жоғары хандық биліктің нығаюына және түрлі қазақ руларының бір этностық қауымдастыққа бірігуіне себеп болды.

Қазақ хандығының тұрғындары ханафиттік сүнниттік исламды ұстанды. Ол қазақ мәдениетінің дамуында зор рөлін атқарғанын атап өтпеуге болмайды.

Қазақ мемлекеттілігі өзінің пайда болуынан бастап, мұсылмандық құқық нормаларына сүйенген.

Барлық қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бастап ең соңғы қазақ ханы Кенесары (1847 ж. қайтыс болды.) өздерінің шариғатқа жүгінетіндіктерін атап кеткен.

Қасым хан мен Есім хан қабылдаған көшпелі мемлекеттің дала заңдарына шариғаттың үлкен әсері болды.

Тәуке ханның (шамамен 1718 ж. қайтыс болды) «Жеті Жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда айтарлықтай үлкен қадам болды.

Әрбір реформа  сайын қазақстандық заңнамадағы шариғаттың рөлі ұлғая бастады. Осы құжатта көрсетілген әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары айтарлықтай дәрежеде шариғатқа жүгінген.

Жекелей алғанда, «Жеті Жарғы» заңдары мемлекет тарапынан мұсылман дінінің қолдауын мойындаған.

Қазіргі Қазақстанда ислам қоғамда руханилықты қолдау мен дамытуға септігін тигізетін мықты үйлесімді әлеуетімен сипатталады.

Елдің мұсылмандық қауымдастығы, оларда көпшілікті құрайтын қазақтардан бөлек, өзбектермен, ұйғырлармен, татарлармен, қырғыздармен, әзірбайжандармен, тәжіктермен, күрдтермен, дұнғандармен, шешендермен және басқа да этностармен ұсынылған.

Сондай-ақ исламды қабылдаған еуропалық этнос өкілдерінің азғантай саны бар.

Мұхаммед Пайғамбардан жеткен шариғаттың заңдылықтары – зорлық-зомбылықты қабылдамайтын бейбіт болмысы, сондай-ақ ұлтаралық төзімсіздікті қабылдамауы еліміздегі тұрақтылықты нығайту мен күшейтуге оң әсерін беруде.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Сындарлы он жыл» атты кітабында: «Бізге, қазақтар үшін ислам – ең әуелі біздің дүниетанымымызды анықтайтын жоғары мұрат пен фактор, толықтай ұмытылу қаупі туындаған бай мұсылмандық мәдениеті мен ата-бабаларымыздың атын тиісінше бағалауға мүмкіндік беретін өз алдына нышан», - деп жазды.

Қазақстандағы дәстүрлі ислам елдің әр өңірлерінде филиалдары бар республикалық исламдық діни бірлестік мәртебесіне ие Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) тарапынан басқарылады.

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жарияламастан бұрын 1990 жылы ҚМДБ өз алдына жеке ұйым ретінде құрылды.

1941 жылдан бері республикамыздағы ислам қауымдастығы Орта Азия және Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының құрамында болғанын.

2013 жылғы 19 ақпанда Астана қаласында өткен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының кезектен тыс VII құрылтайында Қазақстан Республикасының Бас мүфтиі болып Ержан Малғажыұлы Маямеров сайланды.

Ислам діні өнегелік ағарту мен тәрбиенің маңызды факторына айналуда. ҚМДБ Қазақстандағы ислам дінін қайта жаңғыртуды жүзеге асырудың маңызды тетіктерінің бірі болып отыр.

Отандық мұсылман қауымдастығының дамуын қамтамасыз ете отырып, біздің қоғамның рухани негіздерін қалпына келтіруге мүфтият белсенді қатысуда.

Осылайша, Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу мен ұйымдастыру жұмыстарында ҚМДБ өкілдері белсенді қатысып, жұмыс атқарғанын атап өтуге болады. Мүфтият дінаралық диалог мәселесі бойынша тұрақты негізде ғылыми конференциялар, форумдар және семинарлар ұйымдастыруда.

Мұсылман жамағаттарының саны өсуде, мысалы: 1991 жылы олардың саны 68-70 құраса, 2000 жылдардың басында 1500-ден астам болды, ал 2015 жылдың шілде айындағы есеп бойынша ислам бірлестіктерінің саны 2468-ге жетті.

Мешіттер мен тарихи-мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, жөндеулерден өтті; жаңа құлшылық ғимараттары мен медреселер тұрғызылды.

Қазіргі уақытта елімізде 2507 мұсылмандық құлшылық ету ғимараттары жұмыс істеуде.

Мүфтият үлкен ағартушылық және тәрбиелік қызметтер жүргізуде, газеттер мен журналдар шығаруда, интернетте Діни басқарманың www.muftyat.kz веб-сайты жұмыс істейді.

2015 жылдың ақпан айында Қазақстан имамдарының бірінші форумы өтті. Форум қорытындысы бойынша бірауыздан «Қазақстан мұсылмандары платформасы», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерінің этикасы», сондай-ақ, «Имамның жеке образы» және «Мұсылманның жеке бейнесі» атты маңызды құжаттары бірауыздан қабылданды.

Форум қатысушыларымен қабылданған бұл құжаттардың мақсаты ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтауға, елдегі мұсылмандарды имандылыққа, жан-жақты білім алуға, мемлекеттің зайырлылық ұстанымдарын құрметтеуге, мұсылман жамағаты арасында алауыздықты болдырмауға, басқа да дін өкілдерімен бейбіт қатар өмір сүруге шақыру.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2012 жылдың мамырында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезінің ашылуында сөйлеген сөзінде: «...Ислам – бұл адамзаттың мәдени және материалдық мұраларының орасан зор және өсіп келе жатқан қатпары.

Қазіргі заманғы және болашақтағы жаһандық қоғамдастықты Ислам әлемінсіз көзге елестету мүмкін емес. Оған тосқауыл қоюдың кез келген түрі көрегенділік емес, тіпті қатерлі де.

Үлкен де көп бейнелі әлемнің осынау бөлігінде болып жатқан оқиғаларға түсіністікпен қарау қажет».

Сондай-ақ, Ұлт көшбасшысы: «Қазақстан – мұсылман тұрғындары басымдыққа ие ел. Ислам діні – біздің халқымыздың рухани тіректерінің бірі» – деп ерекше атап өтті.

.
Яндекс.Метрика