ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Мемлекет басшысының діни сипаттағы сыртқы атрибутикаға заңмен тыйым салуды қарастыру тапсырмасы желісінде осы мәселеге қатысты ұстанымы

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің  Мемлекет басшысының діни сипаттағы сыртқы атрибутикаға заңмен тыйым салуды қарастыру тапсырмасы желісінде осы мәселеге қатысты ұстанымы

Соңғы уақытта Қазақстан қоғамын өз халқының рухани дәстүрі мен ислам дінінің шынайы мәнін танымай жатып, өздерін  ислам білгірлері ретінде көрсетіп, туған-туыстары мен ата-аналарына дін үйреткісі келетін жастардың  көрініс бере бастауы алаңдатып отыр. Олардың кейбіреулері шетелдік уағызшылардың ақыл-кеңестеріне көзсіз еріп, халқымызға тән емес діни дәстүрлерге бой ұра бастауда.

Мұндай азаматтар негізінен діндарлықтың сыртқы сипатына (атрибутикасына) баса көңіл аударады. Бей-берекет сақал өсірген жігіттер мен өздерін қара жамылғымен тұмшалап алатын қыздар, шын мәнінде, халқымыздың сан ғасырлық дәстүрлі құндылықтарына және өздері өмір сүріп отырған заманауи қоғамға сес көрсеткісі келеді.  

Олар діндарлықтың сыртқы сипатын қолдану арқылы қоғамдағы көңіл-күйге селкеу түсіріп, өздерінің ислам дініне қатысты қате түсініктерін басқаларға таңғысы келеді. Бұл, өз кезегінде, қоғамымыздың діндар бөлігінде қалыптасқан дәстүрлі құндылықтардың шайылуына алып келуде.

Олар дінді шын ниетімен қабылдаған әр халықтың өз дәстүрлерін ұстануын ислам діні қолдайтынын түсінгісі келмейді.

Мұндай адамдар өздерінің бірбеткей фанатизмінде кейде тым шетке шығып, радикалдық қадамдарға барады. Мәселен, соңғы жылдары елімізде терактілер жасаған террористік топтардың барлығы дерлік осындай тым шеткері фундаменталистік көзқарастағы жастар құраған.

Сондықтан бүгінгі күнде деструктивті діни ағымдардың ұстанушыларына тән сыртқы атрибуттарды жария көрсетуге, сонымен қатар адамның бет-жүзін толықтай немесе ішінара жауып тұратын киім түрлерін заңнамалық тосқауыл немесе шектеу қою мүмкіндігі  қарастырылуда.

 ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Б. Ермекбаев ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің а.ж. 19 мамырда  Ақтөбе қаласында өткен көшпелі отырысында сөйлеген сөзінде қара жамылғыға тыйым салу мәселесі орамал мен хижабқа қатысты емес екендігін айтып кеткен болатын. Тыйым салу немесе шектеу адамның бет-жүзін анықтауға мүмкіндік бермейтін киім түрлеріне (никаб, чадра, паранжа, көзі ғана көрініп тұратын бас киім) ғана қатысты болады.

 Министр өз сөзінде «Мемлекет басшысы ҚМДБ өкілдерімен болған кездесуде өздерінің жүріс-тұрысы мен сыртқы түрімен қоғамға жік түсіретін адамдарды айыптаған болатын. Атап айтқанда, кездесуде белгілі бір діни ағымдардың ұстанушылары екендігін және діни көзқарастарын  жария көрсету мақсатында қоғамға ашық түрде жік түсіруге жол бермеу керектігі туралы айтылды», - деп атап өтті.

 Министр мемлекет барлық азаматтардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға міндетті екенін, оның ішінде сыртқы діндарлықты білдіретін жамылғының арғы бетінде қоғамға қауіп төндіретін адамның тұрмағанына сенімді болғысы келетін және одан қорғанғысы келетін адамдардың  мүдделер мен құқықтарын қорғауға міндетті екеніне назар аударды.

Осы ретте болашақта қабылдануы мүмкін шектеулер мен тыйымдар кез-келген конфессияның діни қызметкерлеріне, шетел азаматтарына (егер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірмейтін жағдайда) және адамның бет-жүзін жасыратын киімді медициналық себеппен киетін адамдарға немесе қызметтік қажеттілікпен байланысты жағдайларға таралмайтын болады.

Егер адамның сақалы өзінің сыртқы түрімен жұртшылықтың келеңсіз пікірін тудырмаса, деструктивті ағымдардың ұстанушысының белгісі болып табылмаса сақал қоюға тыйым салынбайтын болады. Бұл жағдайда мәселені адамның басқа да сыртқы атрибуттарымен бірге кешенді түрде қарастыру қажет.

Еліміздің Конституциясы мен заңдары әрбір адамға сенім  бостандығын береді және діни сенімдерінен тәуелсіз теңқұқықтылықты кепілдендіреді.

Қазіргі күнде діни сипаттағы сыртқы атрибутикаға заңмен тыйым салудың нақты шаралары туралы айту әлі ерте. Бұл жердегі мәселе еліміздің дамуының зайырлы қағидаттары мен дәстүрлі мәдениетімізден бас тартуға ашық түрде шақыратын және осы ретте діни сипаттағы сыртқы атрибуттарды қоғамнан бөліп көрсететін құрал ретінде пайдаланатын дәстүрлі емес діни ағымдардың әрекеттеріне тосқауыл қоюмен байланысты. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп діни сипаттағы сыртқы атрибутикаға заңнамалық шектеу қою бойынша еліміздің заңнамалық базасын, халықаралық тәжірибені және қоғамдық пікірді мұқият зерделеу нәтижесінде мәселенің оңтайлы шешімін табатын болады. 

Бізді бұрынғы өткен ата-бабаларымыз шынайы мұсылман киімімен немесе сыртқы келбетімен емес,  өзінің  ішкі сенімімен, иманының кәмілдігімен, өмір сүріп отырған ортасына деген  мейірімділімен және салиқалы ақыл-ойымен ерекшеленеді деп үйреткен. 

Біз бүгінгі күнде санамызды жаңғыртуға, төл тарихымыз бен рухани байлымызды сақтауға және байыта түсуге бет түзедік. Патриотизм, отанға деген сүйіспеншілік, ел ішіндегі тұрақтылық – біздің болашағымыз. Тез өзгеріп отырған жаһандану дәуірінде Қазақстан өзінің ұлттық құндылықтарын, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтап қалуы тиіс – өйткені ол біздің дамуымыздың және экономикалық өркендеуіміздің кепілі.

Дінді дұрыс түсініп, ұстану үшін оған сәйкес діни мәдениет пен дәстүрдің керек екенін уақыт көрсетті. Діни догмаларды ой елегінен өткізбей тура мағынасында түсіну және қолдану өте қауіпті. 


.
Яндекс.Метрика